
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Митрополит округінің рухани-мәдени орталығына барды
- 10.02.2023, 11:58
- Новости на казахском языке

2023 жылғы 10 ақпан. Астана. Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дэниел Нейтан Розенблюм Успен кафедралды соборы мен апостолтеңдес Кирилл және Мефодий атындағы Қазақстан Митрополит округінің әкімшілік және рухани-мәдени орталығына барды.
Елшімен бірге америкалық дипломатиялық миссияның мүшелері де болды.
Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың батасымен қонақтарды елода приходтарының тәртіп қараушысы архимандрит Сергий (Карамышев) және Успен соборының кілтшісі протоиерей Димитрий Байдек қарсы алды.
Республиканың бас ғибадатханасын аралау кезінде дін қызметкерлері америкалық дипломатқа собордың құрылысы мен безендірілуі туралы, Ресей Суретшілер одағының мүшесі В.К. Куриловтың жетекшілігімен Палех қаласының (Ресей, Иванов облысы) шеберлері орындаған интерьердің боялуы туралы, оған қоса, Феодор Стратилат атындағы көркем-өндірістік шеберхананың оюшылары XVII ғасыр дәстүрі бойынша жасаған алтын жалатылған иконостас туралы және Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген суретшісі С.Н. Соколовтың салған иконалары туралы айтып берді.
Апостолтеңдес Кирилл және Мефодий атындағы Қазақстан Митрополит округінің рухани, мәдени және әкімшілік орталығының алауошақ залында АҚШ елшісін Астана және Қазақстан митрополиті Александр қабылдады.
Әңгімелесу барысында митрополит қонаққа биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған Қазақстан Митрополит округінің тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Архипастыр 2023 жыл тағы бір атаулы күн – Қазақстанның Жаңа азап шегушілері мен тәубе етушілері соборының құрметіне арналған мерекенің құрылғанына 15 жыл толатынын айтып, елшіні экспозициялардың көбі Мәсіхке деген сенімі үшін азап шеккендердің ерліктеріне арналған Қазақстан Православ Шіркеуінің тарихи шіркеу мұражайына баруға шақырды.
Митрополит Александр мен Дэниел Розенблюм дәстүрлі конфессиялардың бітімгершілік қызметіне қатысты тақырыптарды талқылады. Ел басшылығының бастамасымен 2003 жылдан бері Қазақстан астанасында тұрақты өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елдер мен халықтардың жаһандық мәселелерін шешуде үлкен рөл атқаратыны айтылды.
Митрополит округі басшысы Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық диалогты дамытудағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шоғырландырушы рөлін ерекше атап өтті. Иерархтың сөзінше, мемлекет басшысы республиканың көпұлтты және көпконфессиялы халқының рухани, мәдени және тарихи мұрасын сақтау мәселелеріне үлкен көңіл бөледі және азаматтар арасындағы татулық пен келісімді нығайтуды басты міндет деп санайды.
Дэниел Розенблюм өзінің өмір жолындағы фактілерін және Қазақстандағы жұмысынан алған әсерлерін бөлісті. Елші атап өткендей, Қазақстан – бұл бейбітшілік бастамалары, ядролық қаруды таратпау және дінаралық конфессияаралық диалог саласындағы аймақтық және халықаралық көшбасшы болып танылған ел.
Митрополит Александр дипломатты Жетісудың тарихи-мәдени інжу-маржаны – Алматыдағы Вознесенский кафедралды соборына және митрополит Иосиф (Чернов) атындағы рухани-мәдени орталыққа баруға шақырды. Архипастыр қонаққа өмірін сенім мен тақуалыққа арнаған қос бірдей ұлы діни қызметкер – митрополит Николай (Могилевский) мен биыл туғанын 130 жыл толатын митрополит Иосиф (Чернов) мұражайының мемориал үйін Оңтүстік астанада құру жұмыстары туралы айтып берді.
Кездесуді еске алу мақсатында Митрополит округінің басшысы АҚШ елшісіне Қазақстандағы Православиенің тарихы мен қазіргі өмірі туралы баяндайтын басылымдарды сыйлады.
Әңгіме соңында митрополит Александр мен Дэниел Розенблюм деннің саулығы мен алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.